Тасым Жаңайұлы

Тасым Жаңайұлы

Жаңайдың 5 ұлының бірі Тасым 18 ғасырда өмір сүрген. Ол ақтабан шұбырынды жылдары  (1723-1725) Сыр бойынан ауа көшіп Каспийдің жағалауына келген елдің ішінде бірге келген дейді. Ол Кіші жүздің айтулы батыры болмаса да бес қаруы белінен түспеген, өз руының белгілі сардары болған. Тасым үш әйел алған кісі екен, одан 7 бала: Қарағұс, Жидебай, Егіз, Тілепі, Қайпы, Бекберді. Жатқан жері Боранқұл елді мекенінен 40 км оңтүстік-батыс бағытта орналасқан. Координатасы 45°49'45.1"N 54°19'15.8"E

Бірде Тасым, қасында інісі Әлі, тағы бір құрдасы бар, бір жақтан келе жатса, бұлардың алдынан бәйтерек ағашқа өрмелеп тұрған ордалы жылан кезігіпті. Қасындағы құрдасы: "Тасым-ау, сені жұрт батыр дейді ғой. Батыр екеніңді білейін, мына ордалы жыланды шапшы" депті. "Иә, менің жаудан қайтпаған жүрегім бір қарыс жыланна қорқады деп пе едің?!" — деп Тасым бәйтеректі қылышпен екі бөлген екен. Сонда інісі Әлі "Әй, аға-ай, аңғалсың-ау. Құрдаста елдік жоқ деген емес пе? Бұл сені аранға жығып итеріп тұр ғой, соны да түсінбегенің бе?" — деген көрінеді. "Ойбай-ау, сен маған дұшпан екенсің ғой. Сені деп шабайын" деп құрдасына ұмтылғанда, құрдасы Тасымның атының астына кіріп кетіпті. 

Сол Тасымның алдыңғы әйелінен бала тұрмай, жастайынан шетіней беріпті. Тасымның жасы 74-ке келгенше перзенті тұрмай, өмірден өксіп өтетін болғасын, сол уақытта Хорезмді жайлайтын, 7 ұл 1 қызы бар Әлімнің бір байы Өтес дейтін жерге көшіп келе жатса, көшке кездескен інісі Әлі әлгі байға: "Ағам Тасымның құрымына ие болатын ұрпағы жоқ. Жеңгелеріміз балалы болғанымен, туады-өледі. Соған бола, ағамнан ұрпақ қалар ма екен деп ойлап, сіздің қызыңызды айттыруға келе жатқан жайым бар" — депті. "Е-е… Әлі бай, қосымызды қондырайық. Үй тігіліп, қонағасы жеп отырып, бұйым сұрау содан кейін болсын" — деп, әлімдер кездескен жерге үйлерін тігіп, Әліні қонақ қылып қабылдапты. Байдың балалары мен туғандары: "Мына шал не айтып отыр? "Ағамның құрымына ие болатын адам жоқ" дейді ғой. Мынаның өзі алжыған, ал ағасы қандай адам болғаны сонда? Қой, бұған қор қылып беретін баламыз жоқ" дегенде, бай: "Үндемеңдер, мен қызымды бермей қалсам дабұған бәрібір. Қыздан сірә қайыр көрмеймін. Сондықтан, сендерге айтар әңгіме, Жаңай деген жақсы ауыл. Мырза, малды-жанды ауыл. Бұларды тек көп мал сұрап шошыта аламыз, басқадан шошыта алмаймыз" — деген екен. Сонда олардың өзара ақылдасып келген шешімі: "Бізге меңсіз 90 торы жылқы беріңіз, қанша адам болсақ сонша ат, сонша шапан бересіз. Соңынан түйін түйер жерде "Күйеу-ат" дейтін бұйым болады, сонда қолқаңызды суырып алатындай етіп бір ат сұралады. Осыған келіссеңдер уәде байласамыз" дейді Әлімнің байы. "Бұл айтқаныңыз орындалады. Байдан табылар, байдан табылмаса менен табылар. Бәлен уақытта ауылымызға келіп қонақ болыңыздар" деп уәде байласып, Әлі ауылына қайтады.

Ауылға келіп, хабарын ағасы Тасымға, ауыл ақсақалдарына айтады. "Сонда сен не дедің, ол не деді? Оған қандай жабдық жасайсың?" — деп сұрағанда, Әлі: "Отыз шақты үй тіктіремін. Бір апта қонақ етемін, сұрағандарын тауып беремін" деген көрінеді.

Уәделі күні Әлім жағының адамдары келіп, 7-8 күн қонақ болып, уәделескен малдары мен киіттерін алып, енді түйін түйер "Күйеу-атқа" келгенде: "Тасымның астындағы күрең атты сұраймыз" дейді. Сонда Әлі: "Құдалар, ағамның астындағы жалғыз атты сұрап не қыласыңдар? Сол аттың атасы күрең арғымақ бар, соны берейік, тіпті үйірімен берейік" дейді. Сонда Әлімдер: "Жоқ, бізге күрең аттан басқасы керегі жоқ. Біз айттық қой қолқаңызды суырып алатындай етіп аламыз деп. Міне, сендер соған келісулерің керек, болмаса бата бұзылады" дейді. Екі жақ тоңторыс отырып қалады.

Тасым Әліден: "не болды?" — деп сұрайды. Әлі: "Сенің астыңдағы күрең атты сұрап отыр құдалар" дейді. Тасым ер тоқымын алып біреуден беріп жібереді. Сұрағанын алған Әлімде: "енді бізге батаңды бер" деп Әлінің алдына келгенде ол: "Құбыла жаққа қарап тұрыңдар. Бізден барған мал сендерге дарымасын, сендерден бізге келетін жеңгеміз құт-береке әкелетін болсын!" деп бата береді. Сонда Әлімнің бір ақсақалы: "Әлінің батасы қате кетпейтін еді. Күрең атты қайтарып дұрыс батасын алайық" дегенде: "Ой, сол алжыған шалдың айтқанында не тұр дейсің? Бір қызымызды сол ат үшін бермек болып отырған жоқпыз ба? Айдаңдар жылқыны!" депті де, Әліге: "Бәлен күні келіп жеңгеңізді алып кетіңіз" деп мерзімді күнді хабарлап, жылқыларын алдарына салып айдап кетіпті.

Мерзімді күні жақындағанда Әлі ағасы Тасымға: "Сенің бұрын да екі әйелің бар, олардың туғандары тұрмай жүр ғой. "Мал таппас жігіт болмас, құрарын айт, Ұл таппас қатын болмас, тұрарын айт" деген. Сен мына жақын жердегі Бабай түкті Шашты Әзіз әулиенің басына кілең аталық мал апарып түне. Не көрінер екен, сол не дер екен? Қайыныңа содан кейін аттанарсың" депті. Інісінің айтқанын істеп, малдарын айдап барып Тасым Шашты Әзіз әулиенің басына барып түнепті. Түнде ұйықтап кеткен екен. Сақалы аш беліне түскен, бойы жас баланың бойындай аруақты ата келіп былайша аян беріпті: "Ә, Тасым, түрегел. Сен білесің бе, үш түрлі қателік жасадың. Әуелгі қателігің, құрдасыңның сөзіне ылығып ордалы жыланды шаптың. Екінші қателігің: сол ордалы жыланның патшалығын ойрандадың. Үшінші қателігің, қайын жұртың Әлімге жүрейін деп жатқаныңда інің Әлі сені маған жұмсады. Мен Әліден әлдеқайда төмен адаммын. Төрт перзент берем. Әуелгісінің атын Егіз деп қой, екіншісін Тілепі, сосын Қайпы, ең соңғысын Бекберді деп атарсың. Егізің мен Қайпың жауырыны жерге тимейтін палуан болар. Тілепің елден асқан жүйрік болар. Оның тіл байлығына, батылдығына шамалы адам шендесе алмас. Бекберді тек малшы-құлшы болар. Енді қайын жұртыңа аттануыңа рұқсат!" депті де ғайып болып кетіпті. Сонымен, сөйтіп алған Әлім қызы Хадишадан Тасым 4 бала көреді. Тасымның артына ұрпақ дүреткен 6 ұлы: Қарағұс, Жидебай, Егіз, Тілепі, Қайпы, Бекберді.

Тасым атамыз жасы ұлғайып, өлер шағы таялғанда балаларын, ағайын-тумаларын, өз қатары Қаратоқай-Беріш Итемгенді шақыртып алып, өзі өлгеннен кейін үстіне ескерткіш орнатуды тапсырыпты. Тамшы шеберлерді іріктегенде таңдау өз баласы Жидебай мен Зорбай баласы Құлға түсіпті. "Ескерткішті таудың тасынан салаық па?" — деп сұрағанда: "Жылқының сүті, ешкінің түбіті мен жылқының қылы, түйенің шудасы, ебелек жеген жылқының тезегі, Қарағұмның топырағы мені біраз ұрпағыма жеткізіп салар. Осы бір биіктің басына орнатыңдар" депті. 18-ғасырдың алғашқы жартысындағы сәулеттік ескерткішке жататын Жаңайұлы Қожаназар мен Тасымға көтерілген күмбездер Маңғыстау қазақтарының сәулет өнерінің бастапқы түрлері. Күмбез түгелдей балшықтан соғылып, бұл белгі өз бейнесін жоймай келеді.