Өскінбай

Өскінбай Қалмамбетұлы

19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың бас кезінде Маңғыстау түбегінде өмір сүрген халық өнерпаздары, сал-серілері, ешкімге бас имей, өздерін тәкаппар (қайқайып) ұстағандықтан ел ішінде «Адайдың жеті қайқысы» атанған: Шолтаман, Тұрсын, Әділ, Досат, Жылгелді, Тәстемір және Өскінбай. Осы жеті өнерпаз жұбын жазбай бірге жүріп, Маңғыстау, Хиуа мен Хорезм аймағын, Жем мен Жайық бойын аралап, өнер көрсеткен.

Осы «Адайдың жеті қайқысының» бірі Өскінбай Жаңайдың-Әлі-Байт-Қалмамбетінен тарайды. Ол 1860 жылы Маңғыстауда туылып 1925 жылы дүние салған. Жетібай ауылының қасындағы Қырғын қорымына жерленген. Өскінбай халықтың сазгері, сал-сері, әнші, күйші-домбырашы, ақын, жыршы. Мергендік, аңшылық-саятшылық, атбегілік те өнерлері болған. Маңғыстау, Хиуа аймағына әйгілі Абыл, Есір, Мылқайдар, Ілекер, Жоламан күйшілерден, Нұрым мен Қашаған ақындардан тәрбие алады.  Түрікмен дутаршысы Құлбай бахшымен күй сайысына түсіп үздік өнерімен танылады. Сапармәмбет, Өдеулі сияқты атақты түрікмен күйшілерімен, Тәңірберген, Жолды, Арал, Сәулебай, Жәкен, Көпеш сияқты халық күйшілерімен бір жүріп өнер қуады. Өскінбайдың біздің дәуірімізге өзі шығарған 50-ге жуық қана күйлері жеткен. Олардың бастылары "Жастық дәурен", "Шөлмек сынған", "Ыңғайтөк" т.б. Өскінбай шығармашылық бағытында да, орындаушылық дәстүрінде де Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл дәстүрлерінен бөлек өзіндік өрнек-ерекшелігі мол сазгер. Оның "Балқасым биді жеңуі", "Ырзабек, Бурабек байларды әшкерелеуі", "Алмағамбет байды тілдеуі", "Қоштасу", "Жирен жорға", "Жеті бұлбұл", "Ақерке", "Қаракөз", "Кербез Айша" тағы да басқа өлең-толғаулары бар. Өскінбай шығармаларының негізгі идеясы өнерді ардақ тұту, елдік, ерлікті, кісілік, адамгершілікті насихаттау. Өскінбай "Балқасым биді жеңуі" термесінде Маңғыстаудың жер-су атауларын жырлап өтеді. Бұл жыр қазіргі ұрпақ үшін географиялық атау жөніндегі құнды мәлімет. Және атақты күйші Дәулеткерейдің "Көроғлы" күйі Өскінбайдың қасында дүниеге келгені туралы ағамыз Сержант Шәкрат айтады.

Өскінбайдан 4 бала: Жұмағұл, Хамит, Мұрат, Ишан. Балдары да шетінен өнерпаз болған. Хамит негізінен әншілікті құнттаған. Ұлы Отан соғысына дейін мәдени бригада құрамында халық ақыны Сәттіғұлмен, күйші Шамғұлмен бірге колхозшылар арасында өнерлерін паш еткен. Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Ал Мұраты болса атақты күйші, ұзақ жылдар бойы Қазақконцертте жеке орындаушы ретінде қызмет жасаған. Қазір Ақтау қаласындағы музыкалық филармониясына Мұраттың аты берілген.

Нұржан Тәжікеновтың орындауында Өскінбайдың "Жаңылтпаш" күйі.