Мұрат Өскінбаев

Мұрат Өскінбаев

Маңғыстаудың атақты күйшілерінің бірі Мұрат Өскінбаев 1904 жылы Қарақия дөңінде дүниеге келді. Оның әкесі Өскінбай күйші, жыршы, Маңғыстаудың "жеті қайқысының" бірі. Жаңайдың — Әлі — Байт тармағынан. 

7 жасынан әкесі Өскенбайдан домбыра тартуды үйренген. Белгілі күйшілер Есбай, Абыл, Сәулебай, Тазбаланың күйлерін жетік меңгерген. 1954 – 1960 жылдары Қазақ мемлекеттік филормониясында домбырашы болды.  1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысты. 1960 – 1965 жылдары Қазақконцертте домбырашы-солист қызметін атқарды. 

Мұратекеңнің репертуарына түрлі тақырыпта 300-ге жуық күй енген. Ол қазақ (Абыл, Есір, Құлшар, Құрманғазы күйлерін, т.б.), түрікмен Сахып Жамал,ЕсерліКептерКөрұғлыӘуезім күйіАшыл баш, т.б.) күйлерімен қатар қарақалпақ, әзірбайжан, ноғай халықтарының музыкалық мұрасын меңгерген. Сондай-ақ көне түрік тайпаларының Алпыс тарау науайы атты күйлер топтамасынан: Қарт науайыБала науайыШәһр науайыТамшы науайыҚақпалы науайыТел науайы аталатын үлгілерін, ежелгі халық саздарынан “ Ел айрылған” сияқты күйлерді шебер орындаған.

Мұраттың өз жанынан шығарған 30 шақты күйі бар. Ұзақ жылдар бойына ол Жамбыл атындағы Республикалық филормонияда солист-домбырашы болып қызмет істеген. Мұраттың күйлерін терең ой, азаматтық лиризм, адами көңіл-күй иірімдері даралайды. Оның орындау мәнері тыңдаушыларын шыншылдығымен тамсандырады. Мұрат Өскінбаевтың шығармашылығы қазақ музыка мәдениетінің жоғарғы сатысында.

Мұратекең Қашаған, Өскенбай, Аралбай, Елбай ақындардың толғауларын халық арасына таратты. Өскенбаев репертуарындағы күйлердің бірқатары күй табақтарына жазылған, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қорында сақтаулы. Мұраттың туған інісі Хамиттың да дауысы керемет әнші болған деседі. Бірақ ол Ұлы Отан соғысынан оралмаған.

Мұрат Өскінбайұлы 1982 жылы дүние салып, Жетібайдағы Қырғын қорымына жерленді. Қазіргі таңда Ақтау қаласындағы 5 шағын аудандағы музыкалық филармонияға Мұраттың аты берілді.