Қырғын қорымы

Қырғын қорымы Жетібай ауылынан 9 км батыста орналасқан.  43°37'10.3"N 51°59'03.2"E
Қорымның "Қырғын" аталу себебі кезінде Жаңай руының Әлі ішіндегі Әжен ауылы осы жерде отырған кезде бала немерелері оба ауруынан қырылып осы жерге жерленген деген сөз бар.

Cуреттегі күмбезтам Әжен балдарының тамы. Тамдағы арабша жазудың аудармасы:

Руы Әлі Жаңай Әжен тайпасы Сабырбай Досұлы, Сынабай Маужанұлы, Бекібай Төлебайұлы, Қуанбай Төлебайұлы. 1899 жылда бірінші жұмадан бастап бірінші аста тамамдады. Жұмағы расхот 102 манат, 100 еркек қой, 10 қадақ шай, бір пұт ұн, 10 қадақ шекер. Жұмағы ұстасы Зорбай Құл тайпасы Еңсе Сақиұлы, Қозыбақ Сақиұлы, Ордабай Сақиұлы, Дүйсембай Сақиұлы, Боран Еңсеұлы. Бәлкөт ибн Алшын, Сәркенбай, Нұрла, Арықпан осы кісілер әйет оқыдық.  


Және де бұл қорымда руы Жаңай-Әлі-Байт Маңғыстаудың "жеті қайқысының" бірі, жыршы, күйші Өскінбай Қалмамбетұлы және оның баласы атақты күйші Мұрат Өскінбаев жерленген.

 

Өскінбайдың сағанатамы

Атақты күйші Мұрат Өскінбаев пен оның інісі Ишанның тамы.