Қожаназар күмбезтамы

Қожаназар тамы

«Ла илаһа ил Алла Мухаммад расул Алла. Бе Исм Хожамназар ибн Иаңай. Ики ұста бу диуарны йаптық. Біріміз молла Ишмұхамед, біріміз молла Құдайберген.»

Бұл жазу Маңғыстау өңіріндегі Сисем атада – Қожаназар күмбез тамының кірер ауызы тесігінен жоғары жерге қойылған, бас жағы дөңгеленіп келген қалақ тастағы жазу. Негізі, Сисем атада қабырғалары өңделмеген қара, қалақ тастардан қаланған тағы бір там бар екен. Оның да кіреберіс тесігінен жоғары жалпақ қалақ тас қойылып, жазу жазылған. Бірақ, тасының көлемі, пішімі Қожаназар моласындағы тасқа сәйкес келгенімен, оның жоғары қараған жағы үшбұрыш, сосын кіреберіс тесік садақ иіміндей шеңбер таспен жабылған.

2008 жылы қыста Сисемді араладық. Сықырлаған сары аяз мұртымыз бен қасымызға мұз болып жабысып, қатып қала берген фотоаппарат тетіктерін қолғапсыз саусақтарымызбен басуға әрең мүмкіндік берді. Соңынан ауылда компьютерге түскен суреттерді асықпай қарап, мұқият тексеріп оқығанда шыққан сөздер жоғарыдағылар. «Бе исми» сөзін бұрын кітаптардағы Шақпақ ата үңгір мешітінің ішінде түсірілген суреттерден көріп, зерттеушілердің ұйғарымына қосылып, «Бәшім» деп оқып «Е… бұл сөз сол кездегі түркпен аралас қоғам ішінен сопылық ұйым мүшелерінің өзіндік аты болар» деп ұйғарып едім. (Мендикулов М.М. «Памятники народного зодчества Западного Казахстана» Алма-ата. Өнер 1987) Осы кітаптың 22 бетіндегі суретте «Бәшім Бердімұхаммед ұста Тархан», «Бәшім Мұхаммед Бахи Хафиз» деген сөздер анық оқылады. Бірақ, бір кездескенде, Иранда, Күмбет Қабус қаласындағы сүннит мұсылмандарының жоғарғы мектебін ахундық атақпен аяқтаған хажы Али ахун Икирам молда ұлы баламыздан, Мединеде араб тілінің граматикасынан сабақ берген Әбжет інімізден сұрағанымда «Ол сөз Бе Исми, яғни есімі деп оқылады» дегендері бар. Сонда, құлпытастардағы немесе үңгір мешіттердегі көзге «Бәшім» болып түсетін осы сөз қазіргі анкеталардағы «аты, есімі» сөздерінің баламасы екен.

Мұрат Ақмырзаев ініміздің «Адай уезінің жазба мұралары» атты кітабының 81 бетінде «Екі ат ұстап дұғаларын шықтық» деп аударылған. Ал дұрысы -«Екі ұста бу диуарны йаптық». Кейінгі аты аталған молдалар және мен осы жазуды жазушылар деп түсінген Есмұханбет пен Құдайбергеннің Бесқалада, я Хиуа шаһарында, я Көне Үргеніште оқып, Жаңай ауылында бала оқытып, молдашылық құрушылар, сауатты көрінуге талпынып Орта Азия халықтарының тілінде «Осы қабырғаны тұрғыздық», «Осы тамды жаптық» дегендері. «Диуар» сөзі қазақша «қабырға», үйдің, тамның, бөлменің жары, орысша «стена». Ал, Мұрат ініміз мүмкін асыққан болар, мүмкін Адай шалдарының моласынан өзбек сөздерін көргісі келмеген болар, не де болса «екі ат ұстап, дұғаларын шықтық» деп, «рәуаятқа» сыйғызыпты.

Сәбит Әбішұлының «Шоңай Құлыш би» (Тарихи танымдық баян, Нұрлы әлем баспасы, 2006 жыл) атты кітабының 363 бетінде бұл жазу туралы Ізбасар Шыртанұлының мынадай сөздері берілген — «1814 жылдардан бастап аракідік руын, атымен қоса әкесінің атын, жасаған ұстаның атын жазу қалыптаса бастапты. Мысалы, Маңғыстауға алғашқы келушілердің бірі Қожаназар Жаңайұлының Сисемдегі қаратамына (мавзолейіне) «Бисмиллахи рахмани рахим, Қожаназар бай, Жаңай ұрығы, мінажат етті- молда Есберді!- деп жазылған…»  Ал, бұл енді – «еркін аударма», яғни, менің ойымша Ізекеңнің қасына еріп жүрген арапша әріп танитын бір кісінің жобалап айтқан сөздерін өзінше жеткізгені. Арасына Есбердіні қосқаны — Жаңай Қожаназарға Ескелді Саназар бай құдасының, ұзатылып бара жатқан қызына дүние-мүлік, малмен бірге қосып берген Есберді есімді жігітті еске түсіреді. 

Тамның ертедегі суреттеріне қарағанда, күмбезінің бір жағы, қабырғаларының жоғарғы бұрыштары құлап, ескіргесін жақын арада қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгені көрінеді. Алдына қойылған ақтас орындықта қара гранитке «Адай Жаңайұлы Қожаназар және балалары Сәркен, Таған» деген жазулар бар.

Сисем ата қорымы Сай-Өтес ауылынан 35 км солтүстік бағытта орналасқан. Координатасы; N 44º 37.256; E 053º 34.835;

(c)  Сұлтан ЖҰМАБЕКҰЛЫ