Шабар ишан

Денесі шірімеген Шабар ишан

Қазақта әулиелерге деген сенім ерекше. Әулие-әнбиені, аруақты аузына алса, рухтанып, жүрегінде от жанатын халықпыз. Оларға тағзым ету, қасиетті орындарды құрмет тұту – қазақ баласы үшін бұлжымас міндет. Мәшһүр Жүсіптің «бұрынғының бәрі әулие» дегеніндей, бұрынғы заманда біздің даламыздан ары таза, жүрегіне кір жұқтырмай өткен адам көп болған. Әсіресе, ХХ ғ.басындағы аласапыранға дейін қазақ жерінде қаншама әулие болғаны туралы аңыз-әңгіме әр ауылда бар…

Солардың бірі – 1931 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған, Маңғыстау түбегінде ғұмыр кешкен әулие Шабар ишан Есенұлы. Ол  Жаңайдың Қожаназар-Тұңғатар-Есен тармағынан тарайды. 2015 жылы Шабар ишанға 155 жыл толды. 2010 жылы бұрын Атыраудағы ескі түрменің жанына жерленген Шабар ишанды ұрпақтары қазып алып, туған жері Қарағия ойы Құйылыс мекеніне арулап қайта қойған болатын. Өйткені, Шетпедегі белгілі емші Тасқара ақсақалға Шабар ишан «жайсыз жатқанын» айтып, бірнеше рет аян берген. Ишанның осы ишарасынан соң әулиені туған топырағына әкеп жерледі. «Сүйегі сор жерде жатса да, әулиенің денесі өте жақсы сақталғанына таңғалмасқа шара жоқ. Құдды ұйықтап жатқан адам сынды», – дейді Жангелді Тажаддинұлы. Жалпы әулиенің денесі, сүйегі шірімейтінін білетінбіз. Пір Бекеттің, Мәшһүр Жүсіптің де денесі шірімегенін көрген адамдар дәлелдеп берген. Бұл – Құдайдың құдіреті, әулиенің кереметі.

Ақсақалдың түсі

Шетпеде тұратын аузы дуалы батагөй ақсақал, белгілі емші, сынықшы Тасқара Өтеш түс көреді. Түсінде ұзын бойлы, сақалды, үстінде көкшілдеу шапаны бар кісі келіп: «Мен күл-қоқыстың ортасында қалдым», – деп жағдайы жайсыз екенін айтады. Ол жер шамасы Атыраудағы ескі түрменің маңы болып ишараланады. Тасекеңе аян берген Шабар ишан екен. Тасқара ақсақалдың осы түсі ишанның сүйегін табуға түрткі болды. Осы хабарды естіген Шабар ишанның ұрпағы Тажаддин Қойшыбаевтың тапсырмасы бойынша, ишан туралы ізденісте жүрген Жары аулының перзенті, Жаңай аулының күйеу баласы Әлімғали Қапуов қалған шаруаға ұйытқы болды.

Атырауға әулиенің ұрпағы Жангелді Тажаддинұлы және Әлімғали Қапуов асылдың сүйегін іздеуге шығады. Оларға бұл игі іске бұрыннан таныс атыраулық азамат Эмба Қалмұратов көп көмектесті. Қала маңындағы мазар біткеннің бәрін барлайды. Ешбірі Шабардыкіне ұқсамайды. Атырауда әулиелердің (Ахмет ишан, т.б.) құлпытастарын қатігездікпен қиратып, тірі түгіл өліге де тыныштық бермейтін бәзбіреулердің қиянатын жергілікті тұрғындар қанжылап жеткізетін. Әулиенің сүйегін іздеушілер осы сұмдық хабардан да секем алады.

Атырауда Шабар ишанның ұрпағының қызы Сағира бір кездері науқастанып, емделу үшін емші, көріпкел әйел Ағырысқа барыпты. Сонда Ағырыс Сағираға: «Сенің ауылыңда қасиетті адам бар, мен сол кісіге баруым керек», – депті. Ол Түнғатардың Есен де- ген баласынан тарайтын Шабар, Мәміш, Тұржан; Мәміштен үш бала – Әбдір, Шахан, Абат; Әбдірдің баласы Аюп деген кісі барын айтып тарқатып шығады. Сонсоң: «Аюп екі көзі көрмейтін қари, қасиетті адам болған. Екі көзі көрмесе де, шыққан тықырдан, дыбыстан кім екенін біліп отыратын көрінеді. Құмалақ ашады», – дейді Ақырыс. Ал, Сағира Аюп деген кісі бар екенін айтып, Шабар әулие жайлы ештеңе демепті (өзі де жете білмеген болу керек). Екеуінің осы тілдесуінен кейін Ақырыс Құрық елді-мекеніндегі Аюптың мазарының басы- на барып, үш күн түнеген. Сол жерде Айекең аян берді ме, әлде жұрттан естіді ме, әйтеуір Шабар ишан туралы іздей бастайды. Екі жыл жүріп Шабар ишанның бейітін табады. Әулие аян беріп, руы – Адай, оның ішінде Жаңай екенін айтады. Басына барып, дұғасын оқып, ғибадатын қылады. Жұбайы Қайыржан Басқараев Ақырысқа көмектесіп жүріп, қаланың ішінде 5-6 жерде қалып қойған әулиелікті тауып, басына белгі қойып, қоршап сақтап жүрген екен. «Біз Қайыржан деген кісіге барсақ: «Баяғыдан бері келмедіңіздер ме?», – деп бізге безек қағып қызмет қылып, атамыздың жерленген жеріне апарды. Атырау қаласы Афанасьев көшесінің бойындағы №134-үйдің қасында 5 түйір ғана там (бейіт) бар екен. Екеуінде белгі бар, үшеуінде белгі жоқ. Соның біреуі біздің атамыз екенін көрсетті», – дейді Әлімғали аға. Тасқара ақсақалдың айтқанына тура келеді, ескі түрменің түбі. Бұрын қаланың сыртында болса, қазір ішінде.

Әулиенің сүйегін іздеушілер елге оралып, келелі кеңесіп, келісілгеннен кейін Атырауға барып Шабар әулиенің мәйітін қазып алуға кіріседі. Құдайдың құдіретіне қараңызшы, Шабар ишанның сүйегі жатқан жерді бірнеше мәрте бульдозермен бұзбақшы болған, бірақ машина жүрмей, сынып қалып, бұза алмағанын сол маңдағы тұрғындар таңғалып айтып берді. Ал, «Авангард» жақтағы бейіттерді бұзып, тапап тастаған екен, үстіне құрылыстар да салынған.

«Мазарды мұқият қазып алдық. Мәйіт өте керемет сақталған, ешқандай міні жоқ. Жатқан жері – су, балшық. Сордың ішінде жатыр. Кеуде тұсына үш-ақ ағаш қойылған екен. Денесін бүлдіріп алудан қорқып топырағымен, балшығымен түгел салып алдық», – дейді Шабар ишанның ұрпағы Жангелді Тажаддинұлы. Әрине, жасы жетпіске жетіп дүние салған адамның сүйегінің 80 жылдай бойы бүлінбей сақталуы керемет. 2010 жылы 2-қыркүйек күні асылдың сүйегін алып келуге Жангелді Тажаддинұлы, ишанның немересі Сырымқызы Ұлболсын, келіні Мария, күйеу балалары Ержан, Әлімғали атсалысады. Емші Ақырыс үйінде барлығы садақа жасап, әулие-әнбиелерге арнап дұға оқылады.

Ал сол жылы қыркүйектің 3-інде, қасиетті ораза айында, жұма күні Шабар ишанның сүйегін Құйылысқа әкеп жерлейді. Жерлеуге ел азамат- тары Дәржөк Сейбағытов, Алқажан Еділханов, Рахмет Нұров, Ақшұқыр ауылының әкімі Айсағали Нұғманов, Жанғожа ақсақал, ауыл имамы Ислам, Аман Ыбырайымов, Алпан Ысықбаев және Баймаш Қалиев ақсақал, Қыдырқожа Қожанұлы бастаған ағайын-тума қатысты, сондай-ақ ишанның ұрпақтары, туыстары болды. Құран бағышталып, садақа берілді.

Есеннің Шабар ишаны

Жаңай Есенұлы Шабар ишан 1860 жылы Қарағия ауданының Құйылыс мекенінде туылады. Шабар – күйші, жырау, сазгер, би Өскінбай Қалмәмбетұлымен құрдас екен. Ел аузында Өскінбайдың құрдасына арнаған өлең жолдары сақталыпты.

Бесащы-Құйылыс бойында,
Қағиін-Борлы тұрағы.
Сусындатты біліммен
Есеннің Шабар ишаны
Қайнаған білім бұлағы.

Шабар әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, 16-17 жасында Орталық Азиядағы ірі діни орталық – Бұқара қаласында медреседе шариғат факультетін бірнеше жыл оқиды. Сол Хиуа хандығындағы қарақалпақ Мәткерім әулиеден тәрбие алады. Жалпы 19-ғасырдағы Маңғыстау өңіріндегі дін зиялылары – ахун, ишан, әулиелердің көбісі рухани ұстаздар Зәкіржан мен Мәткерімге мүрид болған. Сонымен Бұқарадағы дін оқуын бітіріп, Шабар шатырхат (қазіргі диплом) алып, елге оралады.

Бұқарадан оралған Шабар ата-мекеніне келіп Қарағия ойының Құйылыс жақ шетінен мешіт, медресе салып бала оқытады. Кейін Бұқараға екінші рет барып ишандық дәреже алып келеді. Шабар ишан Мекке, Мәдинаға екі мәрте қажылыққа барып келеді. Шабар өзінің медресесінде жүзге жуық шәкірт оқытады. Оларды хақ исламның тұнық қайнарынан рухани іліммен сусындатады. Қарағия маңындағы ел-жұрт мешіт, медресеге балаларын алып келіп, «сүйегі менікі, еті сіздікі» деп рухани ұстаз Шабарға тапсыратын болған.

Ишанның мешіт-медресесінде оқып, тәлім алған ел арасындағы бел- гілі зиялы молдалардан: Тастемір, Азабай, Темірхан, Мәкен, Бекбосын, Есбосын, Әбдір, Өтеғұл Жұмаш, Әбу, Қыдырша Ақмырза, Сейтназар Ерманұлы, Ылаймағамбет, Берікұлы Қалмақ және Қосанұлы Махамбет, Мәмішұлы Шахан, Тұржан, Реушен, т.б. бар.

Шабар ишан елдегі жесір, жер дауы секілді жанжалдарды шешіп, елдікке, бірлікке, ынтымаққа жұртшылықты жұмылдырып отырды. Қара қылды қақ жарды, ауылының асқаралы ақсақалы болды, жамағаттың рухани ұстазы атанды. Айта кететін жайт, Шабар ишанның асасы болған.

Ал, Шабардың кемпірі Балғары ишанның асасын Аюп қариға тапсырыпты. Қазір Шабардың асасы Құрықтағы Әбдіров Қажымұқанның үйінде ілулі тұр.

1931 жыл…

Тажаддин ақсақал (Есен – Мәміш – Шахан – Мағзом, одан Тажаддин): «Шабар 1931 жылы менің төрт жасымда репрессияға ұшырап, молда деп ұстап кеткенін білемін», – дейді. «1931 жылы ел көтерілер (Адай көтерілісі – Д.С.) алдында Құйылыс жерінде мешіттің маңында отырғанда мен төрт жаста едім. Сол жерде атам- ды көретінмін. Өзі орта бойлы, сары кісі, үстінде шапан, басында ақ сәлдесі болатын. Мені айналып-толғанып, атқа мінгізіп, атты жетектейтін. Күні бүгінге дейін көз алдыма елестейді. Әрине, көп заттарды мен қайдан білейін», – делінген Тажаддиннің естелігінде. Басында Кеңес үкіметінің салқын саясаты сезілмей тұрды, ел тыныш, жұрт аман отырды.

«Бай менен молданы

Қойдай қу қамшымен!» – деген ұранмен ұжымдастыру жылдарының асыра-сілтеу айқай-шуы басталды. Қалың қазақты ұйытып, ұйыстырып ұстап отырған бай, қожа, молданы қолдарына шексіз билік тиген шолақ белсенділер, орган қызметкерлері сотсыз, тергеусіз атып та тастап жатты. Қаншама бала-шаға шулады, ел асырып қуылды.

Міне, осы зұлмат зобалаңының бір ұшы Маңғыстаудағы әулие, ишан, молдаларға да келіп тиді. 1928 жылдың жазында-ақ көп ел Түркменстанға ауа көшкен. 1930 жылы көктемде тағы да үдере көшіпті. Әліптің артын бағып отырған Шабар ишан қозғалмапты. Кеңес үкіметінің кесірлі кейпін көрген Шабар әулие: «Мен тағдырымды мұсылманшылыққа, имандылыққа біржола бағыштаған адаммын. Жаңа құрылып жатқан үкіметтің бағыт-бағдарымен дін жолы үйлеспейді. Біз діни-имандылық десек, олар дін – апиын дейді. Менің ендігі қалған өмірлік жолым сендермен бірге бола алмайды. Ауыстырып киер бірер жеңіл-желпі киім дайын тұрсын. Мүмкін ахыреттігімнің өзі де сол болып қалар. Алла Тағаланың пешенеге сызғанын көреміз», – деп ескертіп, пысықтап отырады екен. Алысты күн ілгері көріп, жаңа саясаттың сұрқия сойына нақ бағасын береді.

Қызыл белсенділерден зығырданы қайнап, теперіш тепкіден қажыған елі 1931 жылдың сәуірінде Хорезм ойына құлауға бет алады. Сарылып Сенекке жеткенде ОГПУ отряды сау етіп жетіп үлгереді. Жан-жақтан әскер қаумалайды. Бұл жасақ Сырма бастаған 8 жүк, 2 жеңіл машинасы, 39 атты, 2 қол, 3 станокты пулеметті қол еді. Көшкендер тартысып көреді. Бірақ темірмен құрсанған қолға қалай қарсы тұра алсын?! Олардың ізін баса көмекке Клигманның жендеттері жетеді. Көш оқтың астында қалады. Сол кезде 4 жасар Тажаддин түйенің қапталына артқан кебеже ішінде бо- лыпты. Ол: «Осы жағдай еміс-еміс менің де есімде. Зуылдаған оқ дауыстары түйенің үстінен шыңылдап өтіп жатты. Бала, қатындардың дауыстары бала болсам да әлі күнге дейін есімде», – деп еске алыпты.

Сол жерде кеңес әскерлері «көшті ұйымдастырды, Адай көтерілісінің белсендісі» деп айыптап, Шабар ишанды, туысы Балсейітті және басқа да адамдарды ұстап әкетті. 1931 жылы Шабар ишан 71 жаста еді. Сенекте қызылдар ұстап тұрғанда Шабар: «Біздер Құдайдың салғанын көрерміз, қатын, бала-шағаларға қорлық беріп, қорқытып-үркітпеуді сұраймын», – депті.

Ел көшер алдында Шабар ишан: «Мен көшпеймін, ел ағыны – су ағыны деген болады. Мен кемпіріммен (Балғары) Ащының бойында мешіттің қасына қаламын», – дегенде туыстары тыңдамай Шабарды да, бала-шағасын да көшіріп алып кеткен еді.

Шабар Кетік қаласына апарылып, ары қарай қайықпен Гурьевке (қазіргі Атырау) жеткізіліп, түрмеге қамалады. Гурьев түрмесінде жатқанда 16 жастағы баласы Сырымды және басқа көптеген туысын да темір торға тығады. Оларды көрген ишан жаны ауырып, дертке ұшырайды. Бір-екі күн өткен соң, ақыры осында аманат жа- нын Алласына тапсырады. Халық жауы ретінде бірнеше ай бойы қорлықпен сақтайды, осындай жағдайға шыдай алмаған жасы жеткен үлкендердің көбі осы түрмеде қаза табады. Кей- біреулері көмусіз қалады. Дегенмен жақсының аты өшпейді дегендей сол түрмеде жүргенде кейбіреулерге қадірі өткесін мәйітін сол жердегі ет жақын біреуі түрме бастықтарынан сұрап алып, ақ жуып арулап ескі түрменің маңына жерлеген.

Шабардың артында екі баласы қалған. Үлкенінің аты Сырым 1915 жылы туған, ол Түркіменстанның Красноводск ауданында Сүлмен жерінде 1987 жылы дүние салған. Көзі тірісінде Сы- рым туған жеріне оралғысы келіпті. Тәңірдің жазуы басқаша болды, дегенмен де Сүлмен жеріне ағайын-тумасы Жаңаөзен жеріндегі карьерден тас апарып, Маңғыстаудың, яғни туған топырағынан мәңгілік үйі – мазарын салып берді. Екінші баласы Насраддин 1923 жылы туған, 1949 жылы қайтыс болған. Сонымен Шабардан орын жоқ.

Тәмам түйін

Тау алыстаған сайын биіктей түсті. Аққа Құдай жақ. Сұм саясат тағдырын тәлкекке түсіріп, «халық жауы» қылып қуғынға ұшыратса да, Шабар ишанның елеулі есімі ел есінен кеткен емес. Қырандарымызды қиясынан, шыбын жанымызды ұясынан бездіріп, күллі ұлтымызды киесінен, рухымызды иесінен айыруға жанталасқан зұлмат күштің тағы бір құрбаны Шабар ишан әулие 80 жылға аяқ басқанда туған топырағымен мәңгіге қауышты! 360 әулиенің көшіне қосылды! Енді бұл киені бұл қоныстан ешкім көшіре алмас.

(с) Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ