Әлі тамы

Әлі Жаңайұлы

Әлі Жаңайұлы шамамен 18 ғасырда өмір сүрген Жаңайдың үшінші баласы. Шетпе ауылына жақын Қамысбай (координатасы 44°04'07.2"N 52°15'28.3"E) қорымында жерленген. Тамы сол қорымда ең үлкен болып саналады, қабырға қалыңдығы 1 метр. Әліден 9 бала: Шопан, Әжен, Алдаберген, Айт, Байт, Молдаберген, Есенгелді, Мәмбет, Қаңғабай. 

Әлі өз тұсының елге танымал, қасиетті адам болған. Дәулеті де, мырза-сақилығы даешкімнен олқы соқпаған. Өзі өмір сүрген дәуірде Әлінің зайырына төңіректе отырған ел табынып мойындаған делінеді.  Әлінің берген батасы аумай-төкпей қабыл болуымен ерекшеленген. Әулетінің маңдайына біткен дәулетке тарымшылық жасамаған. Бірге туған тумаластарының бірқатарына үйлі-күйлі болып, өз алдарына тіршілік құрып кетуіне қол ұшын берген.Әлінің сол дағдысы кейінгі ұрпақтарына да мирас болып қалған. 

Үлкендердің айтуынша, Әлі ағайын-туғанның бірлігін, ынтымағын бұзбау бағытында қызметтенген абыз ретінде әңгімеленеді. Сондай сөздердің бірінде Сүйінғара мен Ботағараның арасындағы бәсекеден Мұңалдың Бәйімбет, Жары ауылдарының арасына сызат түсіп, арты адам өліміне ұласқан егес туындап, екі ел арасы бүлінеді. Сол арадағы өршіп тұрған алауыздықты басуға Әлінің ақылы мен берген кеңес-батасы себеп болды дейтін сөз  құлаққа келеді. Сол туралы Іздібай Ақбасұлы былай деген: 

Енді бүкіл Адай елі бүлінетін болды. Матай Қуандық, өзі батыр, палуан, ірі денелі кісі екен. Сол уақытта Жаңай Әлінің тірі уақыты болса керек. Ауылы Қаратаудың алдыңғы жағында отырады. Қуандық батыр ауыл ақсақалдарына: "Әлінің батасы қабыл болады, баласы Айттың үстінде бұлт жауады" дейтін еді. Мен сол Әліге барып ақыл сұрайын,батасын алайын деп отырмын" деп өз ойын айтады. Қасына 9 адам ертіп Әлінің ауылына келіпті.

Әлінің ауылы келгендерді қонақ қылып қабылдап, қонағасы береді. Жүрерде Әлі келгендерден бұйымдарын сұрапты. Сонда Қуандық жүріс жайын айтып: "Екі елден екі адам өлді, ел арасы бүлінуге айналды. Қандай кеңес айтып, бағыт берер екен деп сізге келіп отырмыз. Батаңызды сұрай келдік" депті.

Сонда Әлі Қуандыққа қарап: "Сен алдыма жақын келіп сарта жүгініп отыр. Қалғандарың былай шығып отырыңдар. Көпшілік жамағатқа батаны Құдай береді. Мен Құдай емеспін ғой, саған батамды берейін" депті. Қуандық Әлінің алдына келіп сарта жүгініп отырыпты.

"Батыр аңқау, ер көдек" деген мақал бар еді. Шайтан азғырып екі елден екі адам өлді деп отырсың. Сен ауылыңа қайтып барғасын ата-баба аруақтарына сыйынып, бойыңа қару алмай, қасыңа басқа адам ертпей, жалғыз өзің бағытыңды туралап Сүйінғраның ауылына бар. Ол ауылға барғанша хабарыңды Сүйінғара хабаршылары жеткізер. Батырдың ауылына барғанда астындағы атыңның шылбырын Сүйінғараның үйінің алдындағы босағасынан өткізіп байла. Онысың "бітісем" деп келіп жатқаныңның ишараты болар. Үйдің ту сыртынан барып түсу жаушылықтың белгісі болады. Сүйінғараның сенне 5-6 жас үлкендігі бар ғой, қанша тентек болғанымен, қабылдап қонағасысын берер. Шамаң келсе түнде  ағаңның қасына өзің жатып әңгімелесерсің. Сөзіңе жаушыдықты еске түсіретін әңгімені араластырма, тіпті батырдың өзі ондай сөздің ұштығын көтеріп жатса дасен ондай әңгімеден қашқақтап, ынтымақ, бірлік жағына қарай сөз айтарсың. Ақылды адам ғой, арадағы реніш жойылып, бірлікке пәтуа жасалар, иншалла!" деп батасын берген екен. Әлінің айтқанын бұлжытпай орындаған Қуандық пен Сүйінғараның сол кездесуінен кейін екі ел арасындаағы қиғаштық жойылып, бұрынғы ағайыдық қатынс жалғасын тапқан көрінеді дейді үлкендер.

Әлінің тірі күнінде аузынан тастамайтын: "Аңсыз өлім — аз бейнет, Аллатағала қабыл ет!" деген сөзіне лайық, абыз қарт шашын ұстарамен алдырып отырғанда, жарты шашы алынып бола бергенде сол отырған орнында фәнимен қош айтысып жүре беріпті дейді. Бұл туралы марқұм Іздібай ағамыз байлай дейді: "Төлекенің үлкен ұлы Қамысбай өлгесін көп ұзамай біздің атамыз Әліге де уақыт болыпты. Әлінің ауыл азаматтары бар, бай ауыл ғой Ол уақытта да бәсеке деген бар, Әліні алысқа, Сисем-атаға сүйрелемей, өз аманаты бойынша сол тумаласы Қамысбайдың қасына жерлепті. Басына ескі пішінмен үлкен қара там салыныпты. Оны салған Дорал Жылқыбайұлы дейді үлкендер".  

Әлі тамының осы күндегі фотосы